Бұлақ көрсең, көзін аш...

Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептердің міндеті – өзінің

талантын танып және оны таныта алатын жан-жакқты жеке тұлға қалыптастыру болып табылады. Ол ушін ең алдымен, оқушылардың танымдық іс-әрекеттерінің маңызды жақтарына көп көңіл аударуымыз қажет.

Оқушылардың оқу үрдісіндегі танымдық қызығушылығын арттыру, танымдық жан қуаттарының оянуына түрткі болу – ол мектептегі оқытудың негізгі мәселелері.

Осындай танымдық процестерін дамыту арқылы оқушының бойына адамгершілік, рухани, мәдени дағдыларды қалыптастыру, тәрбиелеу – әр мұғалімнің міндеті. Оқушыға әр түрлі тапсырмалар беру арқылы жауапкершілігі мен дағдысына назар аудару, теориялық білімдерін практикамен ұштастыру, белгілі бір тақырып көлемінде жұмыс жүргізу қажет.

Ұстаз болу – қайталанбас бақыт, өмір атты құдірет қолға ұстатқан жарқыраған жақұт! Әр қырын танып, сабырбен сүртіп, көзін ашып қолданар болсаң – жарқырап жол көрсетер шамшырақ.

Мұғалім – қиыны мен қызығы қатар жүретін мамандық. Кез келген оқушының бойындағы дарын, қабілетті ашу жолында үлкен еңбек етеді. Осындай мақсаттармен республика, облыс, аудан, мектеп көлемінде дарынды оқушылардың қабілетін ашу жолында әр түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Осындай іс-шаралардың бірі бесінші рет «Жарқын болашақ» олимпиадасы «КАТЕV» Халықаралық қоғамдық қоры тарапынан жыл сайын өткізілетін облыстық қазақ тілі олимпиадасы.

«Жарқын болашақ» олимпиадасы бес конкурсты қамтиды.

Атбасар қалалық № 7 қазақ орта мектебінен үш оқушы дайындадық.

«Тілші - әдебиетшілер» бағыты бойынша 8 «б» сынып оқушысы Түсенова Мадина;

«Сөз мәнері» бағыты бойынша 7 «ә» сынып оқушысы Әуезов Ақжол;

«Жазушылар» бағыты бойынша 9 «а» сынып оқушысы Шаймерденова Жанна қатысты. «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша №4 –ОМ оқушысы Шиховцова Наталья қатысты. Бұларға жетекші болып аудандық қазақ тіл әдістемелік жетекшісі Рауза Назымбековна барды. Оқушыларды дайындаған № 7 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мұғалімдері: Арықбаева С. Ө., Қонысбаева А. Қ., Әуезова З. Т..

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей ұстаздардың келісіп, бірігіп істеген жұмыстарының арқасында, ең бірінші мектебіміздің абыройы, екінші ауданымыздың абыройы дегенді бетке ұстап, қазақ тілінің үш ұстазы осы оқушыларды дайындадық. Әрине, бұл жерде атап кетуіміз керек, ата-аналардың да көмегі орасан зор болды. Оқушылардың жұмысына, жолына қаржылай көмектесіп, қолдарынан келгендерін аямаған ата-аналар: Шаймерденовтар, Түсеновтар, Әуезовтар отбасына алғысымыз шексіз.

Оқушыларымыз 27-28 ақпан аралығында Көкшетау қаласындағы Қазақ-түрік лицейінде өткен олимпиадаға қатысып келді. Барған оқушыларымыз сайысқа қатысып келгендеріне өте риза, өздеріне көптеген дос тапты, жарқын жаңалықтарға ие болды.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей «Сөз шеберлері» бағытынан Әуезов Ақжол жүлделі екінші орынға ие боп келді. Бұл – біз үшін, мектебіміз, ауданымыз үшін зор қуаныш. Әуезов Ақжолды жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз. Барлық оқушыларымызға үлкен табыс, талаптарыңа нұр жаусын дейміз!

Автор: Смагулова Р.Н.
Просмотров: 1
Дата создания: 5 марта 2013 г.
Дата редактирования: 5 марта 2013 г.